ОҚО-да 1300-ге жуық азамат тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүр

Оңтүстік Қазақстан облысында тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген 1300-ге жуық азамат анықталды. Бұл туралы бүгін Шымкенттегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» директоры Нұржан Тұрсынбай мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. 


Нұржан Тұрсынбайдың айтуынша, тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтармен екі бағытта жұмыс жүргізілуде.

«Біріншісі, ақпараттық насихат бағытындағы жұмыстар. Біз мұнда азаматтарға дәстүрлі дінімізді насихаттаймыз. Екінші бағытымыз нақтыланған жұмыстар. Оның маңыздылығы сонда, біз құзырлы орындар арқылы әрбір адасқан азаматтың жеке өмірбаянын, мекен-жайын анықтаймыз. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 3200-ден астам жеке кездесу ұйымдастыруды жоспарладық», - дейді ол.

Нұржан Тұрсынбай орталықтың 17 теолог маманы Қазақстанда тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен аймақтағы 1300-ге жуық азаматпен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Источник: http://bnews.kz/kk/

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ