Арбауға түскен жастарды жазалауды ғана мақсат етпейiк

Жуырда ұлттық қауiпсiздiк комитетi тарапынан елiмiзде салафиттiк бағыттағы ондаған топтың бар екендiгi жөнiнде хабар таратылды. Оның үстiне, шетелдiк бiрқатар сараптамалық орталықтардың 2013 жылға арналған болжамдарында елiмiздегi террористiк қауiп қатердiң деңгейiн жоғарылатып, бес балдық өлшеммен алғанда төрт балмен бағаланғаны жайында ақпарат жарияланды. Соңғы екi жылда болған түрлi оқиғалардың әсерiнен шығар, бiздiң қоғамның осындай ақпараттарға етi өлiп кеткен сияқты, себебi ешкiм елең етiп, бұл қалайша деп сұрамайды, пiкiрталастар да байқалмайды. Керiсiнше, кейбiр құқықтық органдар елдегi түрмелерде терроризм мен экстремизм баптары бойынша айыпталған 500-ге жуық азаматтың қамауда отырғанын мәлiмдеп, шетелдiк сарапшылардың күдiгiн растағандай болды. Алайда, ең бiр қызығы, осыдан он жыл, тiптi бес жыл бұрын ресми ұйымдар бұндай қауiп-қатердiң бар екенi түгiлi, тiптi ықтималдығының өзiн де мойындамайтын. Белгiлi бiр өзектi мәселенi немесе қауiп-қатердi басында жоққа шығарып, ал кейiн, керiсiнше, шу көтерiп, одан бетер дүрлiктiретiн әдетiмiз осы лаңкестiкпен күресте де байқалып қалды. Бiрақ қауiпсiздiк теориясында, белгiлi бiр қатердi менсiнбеуге де және одан бетер асырып, жасанды күшейтуге де болмайды дейдi. Өйткенi бiрiншiсiнде, жағдайдың күрт күрделенiп кетуiне жол берiлуi мүмкiн, екiншi жағдайда қарсы әрекеттер мөлшерден тыс асып, мемлекет тек бiржақты саясатпен әуестенiп кетуi ықтимал. Сондықтан бiздiң бүгiнгi жағдайымызда бұл мәселенi жан-жақты, салмақты, объективтi қараған дұрыс болар.

Шын мәнiсiнде, елiмiзде соңғы жылдары болған лаңкестiкке байланысты түрлi оқиғалар – жалпы әлемдегi жағдайдың көрiнiсi. Түрлi деректерге қарайтын болсақ, егер 2000 жылдардың басында әлемде жылына 500-ге жуық террорлық әрекеттер тiркелетiн болса, 2006-2007 жылдары террорлық шабуылдардың саны 14 мыңға дейiн жеткен. Кейiнгi жылдары он мыңға дейiн түссе де, бәрiбiр қауiптiлiктiң деңгейi сақталып отыр. Бiрақ Қазақстанды террорлық қауiп-қатер жоғары мемлекеттердiң қатарына кiргiзу бәрiбiр дұрыс емес. Бiрiншiден, елдегi болып жатқан оқиғалардың бiрен-саранын болмаса, басым көпшiлiгiн классикалық үлгiдегi теракт есебiнде қарастыру қиын: кiм жасағаны анық емес, қандай талаптар қойылғаны да белгiсiз. Аты жиi аталатын Халифат сарбаздарының өзi негiзiнен ақпараттық салада әрекеттенiп, болған оқиғаларға қатысты сырттан түсiнiктеме берiп, бедел жинағысы келетiн топ сияқты. Себебi бұл ұйымның жетекшiлерi деп құқық органдары бiреудi атаса, бұл ұйымның атынан “мен жетекшiмiн” деп басқа бiр адамдар шетелдiк БАҚ-тарға сұхбат берiп жүредi. Ал өткен жылы пәкiстандық ақпарат көздерi сол Халифат сарбаздарының көсемi өлтiрiлдi дегенде мүлдем басқа адамның атын атады. Жоғарыда айтқанымыздай, Экономика және бейбiтшiлiк институтының сарапшылары екi мыңға жуық ұйымның өмiрбаянын зерттеп, террористiк топтардың 75 пайызы бiр жыл ғана өмiр сүретiнiн анықтаған.

Яғни, өзiнi-өзi жарнама жасап, қаржы беретiн демеушiлердi таппай, көп ұйымдар тарап кетедi екен. Осыны да ұмытпаған жөн. Және де террорлық акт, шабуыл деп ненi атаудың өзi де сарапшылар арасында үлкен даулы мәселе. Мысалы, АҚШ-та соңғы уақытта жекелеген адамдардың дүкендерде, мектептерде немесе кинотеатрларда себепсiз бейбiт азаматтарға, тiптi балаларға оқ жаудырып, жолында кезiккен кез келген кiсiнi өлтiрiп жатқан оқиғалар жиiлеп кеттi. Бұл оқиғалардың көбi сарапшылардың зерттеуiне енбей жатады. Әрине, оларды террорлық шабуыл деп атау қиын, бiрақ кәдiмгi қылмыстың түрiне жатқызуға тағы да болмайды. Екiншiден, Экономика және бейбiтiшiлiк институтының мәлiметтерiне жүгiнсек, әлемдегi барлық террорлық шабуылдардың 85 пайызы тек он елдiң үлесiне тиедi екен, яғни лаңкестiк негiзгi бiр аймақтарда ғана шоғырланған. Кейбiр елдерде мысалы жылына жүзден астам террорлық шабуылдар болады. АҚШ мемлекеттiк департаментiнiң жыл сайынғы Жаһандық терроризм жөнiндегi баяндамасына сенсек, әлемдегi террорлық шабуылдардың 60 пайызы Ирак, Ауғанстан және Пәкiстанның үлесiне тиген. Сондықтан Қазақстанда болған бiрнеше оқиғаны есепке алып, бiрден бiздiң елiмiздi тұрақсыз мемлекеттердiң қатарына жатқызумен келiсу қиын.

Ресми ұйымдар мұндай зерттеулердi назарсыз қалдырмай, тиiстi түсiнiктеме немесе қосымша ақпарат берулерi де қажет шығар. Әрине, бұл елдегi қауiпсiздiк жүйесiне ешқандай да қауiп төнiп тұрған жоқ дегендi бiлдiрмейдi. Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, соңғы бес жылда терроризмге қатысы бар деген айыппен елiмiздiң жүзден аса азаматы тұтқындалған. Мысалы, 2007 жылы 27 азамат айыпталса, 2012 жылы 105 азаматқа қатысты сот үкiмi шығарылған. Әрине, арнайы қызметтер мен құқық органдары кiм қалай десе де жағдайды бақылауда ұстап отыр деуге негiз бар, алайда жайбарақаттыққа салынуға тағы да болмайды. Бiрақ, бiздiң мақсатымыз сол экстремистiк ағымдардың алдап-арбауына түскен жастармен күрес болмауы тиiс, бiздiң мақсатымыз солар үшiн, солардың жүрегi мен санасы үшiн күрес болуы қажет. Лаңкестiкпен күрестiң басты алғышарты осы.


Ерлан ҚАРИН,
саясаттанушы.

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ